Мұнда бұдан алты жыл бұрын ұн тарту саласының әлемдік көшбасшысы «Buhler» швейцар-герман фирмасының құрал-жабдықтары орнатылған еді. Серіктестіктің тағы бір құрылымы – диірмен комбинаты да осы құрамға кіреді. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезге дейін, тіпті содан кейінгі өтпелі кезеңде еліміздің ауыл шаруашылығы саласы шикізаттың шылауынан арыла алмай келді. Ал бүгінгі көрініс мүлдем басқаша. Аталған салада шикізатты өңдірумен бірге, оны өңдеу үлесі жылдан-жылға артып келеді. Бұл пікірімізге «Белес Агро» ЖШС-нің өңдеу өндірісіндегі жетістіктері да толық айғақ.
Соңғы алты жылдың ішінде агрохолдингтің конвейерлерінде шикізаттық өнімді өңдеу ісінде түбегейлі өзгерістер жасалды. Серіктестік құрылымы тамырын тереңге жайып, ауқымын әлдеқайда ұлғайта түсті. Соған сәйкес аталған ЖШС «Белес» компаниялар тобы болып қайта құрылды. Бұған тек ұн ғана емес, сонымен бірге, астық өнімдерінің өзге де көптеген түрлерін өңдеу бағыттары енгізілді.
Бүгінгі әңгімеміздің басты тақырыбы кәдімгі аппақ ұн болғандықтан бірінші кезекте осы мәселеге тереңірек үңілгенді жөн көреміз. Тағы да қайталап айтқанда, швейцар-герман қондырғысы қойылған агрохолдинг өнімдері қатаң еуропалық стандарттардың бәріне толықтай жауап бере алады. Отандық кәсіпорын өзінің толық қуатына көшіп, дән және жоғары, бірінші және екінші сортты ұн өнімдерін үздіксіз шығарып келеді. Оның бәрі «Белес» сауда белгісі бойынша 10, 20 және 50 килолық арнайы қораптармен тұтынушыларға жеткізіліп жүр. Егер олар бір, екі немесе бес килолық ұн түрлерін сатып алуды қолайлы көрсе, мұндай сұраныстар да толығымен өтеледі. Қалаған пакеттеріңізді ала беріңіз.
Бүгінгі күні «Белесте» «Праздничная», «Крестьянская», «Домашняя», «Казахстанская», «Классик» және «Экстра» атты ұнның алты түрі жаңа технология бойынша зауыт конвейерінен дүкен сөрелеріне жол тартуда. Бәрінің атасы бір ұн емес пе дей тұрсақ та, аталған ұн түрлерінің әрқайсысының тек өзіне ғана тән ерекшелігі бар екені және әрқайсысы айрықша рецепт бойынша шығарылатыны да өз алдына бір бөлек әңгіме.
Сонымен бірге, «Белес» компаниялар тобының даму жоспарларына сәйкес ұн қоспаларының желілері де орнатылған. Бұл өндірістік жаңашылдық шығарылған өнімді тұтынушыға шағын қорапша түрінде ұсынуға мүмкіндік береді. Соған сәйкес қазіргі кезде тұрғындар мен тұтынушылар тарапынан макарон және рожки бұйымдарына деген сұраныс арта түсуде.
«Белестің» жаңашыл жетекшілері бұл мәселенің шешімін табу үшін өндіріске италиялық «PAVAN S.p.A» фирмасының қондырғыларын енгізген. Қазір бұл өндірістік жүйе төрт жүз грамдық, екі және бес килолық орамадағы макарон бұйымдарының он алты түрін өндіреді. Қондырғылар қуаты сағатына 750 кило өнім өндіруге есептелген. Бұл өнімдер бұрынғы Орал ұн-жарма комбинаты ізінде жаңғыртылған жаңа желіде шығарылады. Сондықтан, мұның тағы бір құрамдас бөлігі жарма өнімдері болып табылады.
– Қайткенде де біздің басты мақсатымыз бәсекеге қабілетті сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру болып қала бермек. Бұл мәселеде шетелдік мамандармен кеңесіп, өзара іс-тәжірибе алмасып тұрғанның ешқандай артықшылығы болмайды. Соған сәйкес біздің өндірістік ұжымға Италия елінің мамандары жиі атбасын бұрып тұрады. Олардың өнім сапасын көтеру жөніндегі пайдалы кеңестеріне құлақ асқаннан кем болмайтынымыз кәміл. Италия бүкіл әлемге өзінің ұлттық тағамы – спагеттиімен танымал. Дегенмен, таяу арада қазақстандық өндірушілер шығарған өнімнің бұл түрі италиялықтардан кем соға қоймас деген ойдамын, – деді «Белес» компаниялар тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаев.
«Белесте» астық өнімдерін дайындау технологиясы дәннің кәсіпорынға түскен кезінен бастап қолданылады. Осылайша өнімді тазарту мен толықтай өңдеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарыла береді. Мұнда халықаралық стандарт нормалары енгізілген. Ұн өндіру жөнінде «Белесте» қолданылатын технология – тұтастай алғандағы қазақстандық дән индустриясының бүгінгі жеткен биігі мен көрінісін айқындай алады.
Оның басты өзгешелігі, жоғарыда айтылғандай, бастапқы шикізаттың арнайы тәсіл бойынша әзірленген тазарту мен толықтай өңдеудің бірнеше кезеңінен өткізілетіндігінде. Осылайша бүгінгі таңда «Белестің» берекелі өнімдері ТМД-ның көптеген мемлекеттеріне, соның ішінде Ресей мен Өзбекстанға, Тәжікстан мен Қырғызстанға жол тартып жүр. Қысқасы, қазақстандық өнімдерге деген сұраныс жоғары. Осыны ескерген компания жетекшілері тәулігіне 150 тонна дән өңдеп, 120 тонна ұн шығаратын өндіріс көлемін бұдан әрі өсіруді көздеп отыр.
Мұндағы барлық өндірістік желілер толықтай автоматтандырылған. Ұн тарту мен шығару өндірісі пульттерінде арнаулы мамандықтары бар төрт-ақ адам жұмыс істейді. Ал жалпы алғанда, бүгінде азық-түлік өнімдерін шығаруға бағытталған отандық кәсіпорында 126 адам еңбек көрігін қыздыра түсуде. Оның сексен алтысы – батысқазақстандық ауыл тұрғындары.
«Белес» компаниялар тобына кіретін тағы бір іргелі кәсіпорын Теректі ауданы аумағындағы күнбағыс май зауыты. Ашығын айтқанда, бұдан 7-8 жыл бұрын ашылған бұл кәсіпорынның бағы о бастан жанбай-ақ қойған-ды. Осы кезең аралығында зауыт жарты қуатымен жұмыс істеу көрсеткішіне де жете алмады. Тек кейінгі кезде «Белес» холдингіне қосылғаннан кейін ғана мұнда ұшы-қиыры жоқ ауқымды жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Қазір бұл үдеріс аяқталу қарсаңында.
Теректі ауданы аумағындағы технологиялық желілер бұған дейін тек күнбағыс майын өңдеуге ғана лайықталған еді. Ендігі жерде бұдан өзге өнім түрлерін өңдеуге де кең жол ашылған. Мүмкіндіктер кеңейген. Осылайша зауыттың маман-жұмысшылары шикізат ретінде рапс, сафлор, зығыр, қыша және соя секілді майлы дақылдарды да терең өңдеуден өткізуді ұйғарған. Мұның бәрі қалдықсыз, әрі энергия үнемдегіш технологияларға арқа сүйейді. Май зауытына экологиялық тұрғыдан таза өнімдер тән болады деп күтілуде. Жаңа технология демекші, мұнда оның көмегімен салқын қысым режімінде шығарылған өнімдер өзінің әу бастағы құнары мен табиғи элементтерін жоғалтпайтын көрінеді. Мұны компания мамандары айтты.
Міне, «Белес» компаниялар тобының жетекшісі, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Мұрат Жәкібаев осы айтылғандай жаңалыққа жаны үйір, шын мәніндегі табысты тұлға, мерейлі менеджер, толымды технолог.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы